Әлеуметтік желілерді бұғаттау: masa.media-ның мәлімдемесі


30/09/2021
17:56 39838 0

masa.media редакциясы заңнамаға Қазақстанда әлжелілер мен мессенжерлерді бұғаттайтын өзгертулерді енгізуге түбегейлі қарсы. 

 

Біз депутаттар балаларды кибербуллиң мен қажетсіз ақпараттан қорғаймыз деп сылтауратып интернетті қадағалап, цензура орнатпақ деген пікірдеміз. 

Заңға енгізілер өзгертулер шетелдің IT компанияларын Қазақстанда тіркеліп, филиалдарын ашуға мәжбүрлемек. Әлжелілер мен мессенжерлер мұны орындамаса бұғатталады. Бұғатталса, Қазақстан жұрты ақпараттан қағылады, ал журналистикасына үлкен қауіп төнеді. 

Депутаттар бұл өзгертуді құп көрсе, адам құқығын бұзып, елдің болашағына балта шаппақ, ал Қазақстан 30 жылда жеткен жетістігінен бас тартпақ.  

Google-дың мемлекеттер қойған талаптары туралы есебіне қарасақ, 2020 жылы Қазақстан үкіметі компанияға контент өшірілсін деп 49 сұраныс жолдаған. Оның 48-і билікті сынау мен ұлт қауіпсіздігіне қатысты болса, біреуі ғана әлімжеттікке қатысты. 

Кибербуллиңмен күрес пен бала құқығын қорғау, әрине, маңызды шаруа, бірақ үкіметтің бұл іс-әрекеті оларды шеше алмасы анық. Себебі әлжелілер, мессенжерлер, жалпы интернет әлімжеттікке себеп болар нәрсе емес, жай ғана ақпарат, хат-хабар алмасу әдісі. 

Біз бұл өзгертуге қарсы ұйымдастырылған петицияға қосыламыз. Сіз де қосылыңыз! Цензура мен интернетті шектеу — журналиске ғана емес, менежер, кәсіпкер, студент, дәрігер мен мұғалім, яғни барлық Қазақстан азаматына бір ұшы тиер іс-әрекет. Біріккенде ғана бұл заңға қарсы шыға аламыз, бізге бәрібір емесін айқын көрсетеміз. 

Петицияға мына жерден қол қойыңыз.

 

Поделиться

Нет комментариев.

30/09/2021 17:56
39838 0

Уведомление